АТА-АНАЛАРҒА КЕҢЕСТЕР: Баланың оқуға ынтасын қалай ашуға болады?

Баланың ой-өрісін, шығармашылық қабілетін, сөздік қорын, рухани байлығын дамытуда (пайдасын тізбектей берсек, әрине көп), жалпы адам болып қалыптасуында кітаптың алар орны ерекше. Психологтар баланың кітап оқуға деген махаббатын ашуға алғашқы 9 жылында үлгеру керектігін айтады. Әрине, әрбір ата-ана (әсіресе қазір, интернет кең етек жайған заманда) баласының білімді, ақылды, көргенді азамат болып өскенін қалайды. Ол үшін баланың кітаппен дос болуының, жақсы көруінің маңызы зор. Ал баланың кітапқа деген ынтасын ашуға, қалай арттыруға болады?

-бала өмірге келісімен-ақ оған ертегі, бесік жырын, батырлар жырын басқа да халық ауыз әдебиетінен шығармаларды оқып беруді бастаңыз;

-кітапты баланың көңіл-күйі жақсы (ұйқысы қанық, қарны тоқ) кезде оқыған абзал;

-мәтінді әдемі дауыспен, ырғақпен, әдемі көңіл-күймен, ықыласпен оқып беріңіз;

-жасына қарай баланың әрбір оқыған әрпіне, сөзіне, сөйлеміне, әрбір шығармасына (әңгіме, повесть, өлең т.б) мақтау айтыңыз;

-кітап оқудың адамға қаншалықты пайдалы екендігін айтыңыз (кітапты көп оқысаң үлкен азамат боласың, ақылды боласың т.с.с.).